Ваш город:Алматы
Ваш город: Алматы
Райымбек - Қазақ халқының даңқты ұлы. Жоңғар шапқыншыларынан елді азат етуде, жерді босатуда сіңірген ерлік істері аңызға айналған, өмірде болған тұлға. Алты Алаштың айбыны асқан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек сынды қол бастаған қаһармандары қатарында Албан Райымбек есімі де ғасырлар бойы құрметпен аталып келеді. Жыр-дастандардан, аңыз-әңгімелерден бүгінге жеткен көненің асыл мұрасындай деректерге үңілсек, Қангелді немересі Түкеұлы Райымбектің Отан қорғаудағы, елді сақтап қалудағы жанкешті ерлігін көреміз. Сүйінеміз. Аруағына бас иеміз.
Райымбек - батыр әрі әулие адам. Батырлардың батыры. Мың сан сарбазды соңынан ерткен, қаһармандықтың жеке үлгесі сөгілмейтіндей, бірлігі бұзылмайтындай етіп берік топтастырған данагөй басшы. Жауына қатал, досына адал. Қазағы үшін өзін құрбан етер отаншыл.
Бұл кітаптан үш ғасырдың үйлесімді үнін, жыры мен сырын ұғасыз, кешегіге бүгіннің биігінен қарайсыз.
Бұл жинақ сұрапыл заманның жыршылары - Бұқар айтқан, Қабай айтқан шежіре-дастандардан бастау алады; Сабдалының өлең сөзбен суреттеген соғыстың сүрлеу жолдарымен сапар шеккізеді; Мұқағалидың жазылып бітпеген поэмасы арқылы батырдың балалық шағымен қуаыштырады; талай шығармаға негіз етілген, хаттардан жазып алынып, мұрағатқа тапсырылған жазбалардың құпиясы ашылады; тарихшылардың талдап, қаламгерлердің пайымдауы бойынша аңыз бен ақиқаттың арасын айқындайды; батырдың ақын ұрпақтарының арнау жырымен таныстырады.
Үш бөлімнен тұратын кітаптың бас кейіпкері - Рауымбек және оның жоңғар-ойраттарды жеңген майдандастары. Кітап тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы білуге құштар көпшілік қауымға арналған.
